Белсенді Санжар Боқаевтың парақшасында мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Бибек Жүнісов тың ұсыныс айтты. Ол жыл сайын мектептердің керек-жағына (А4 бет, картридж, принтер, бор) бөлінетін 250 млрд теңгені мұғалімдерге таратып беруді ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, бір жылда мемлекет бюджетінен мектеп мұғалімдеріне 250 миллиард теңгеден бөлінеді. Ол ақшаға А4 қағаздар, принтер, картридж, әртүрлі компьютерлер, шаруашылық, кеңсе, спорт тауарлары, кабинетті жөндеу, ақпараттық стенд секілді заттар сатылып алынады.
«Алайда көптеген оқытушылар «бізге ол заттар жетпейді, келмейді» деп жазып жатады. Бір мұғалім тіпті «мектепте жұмыс істеп жүргеніме 40 жыл болды, бірде бір А4 қағаз берген жоқ» дейді. Бұл – жүйелі, жылдан жылға жалғасып келе жатқан проблема. Оны шешу қажет», — дейді Бибек Жүнісов.
Қазақстанда орта білім саласында шамамен 500 мың мұғалім барын ескерсек, 250 миллиард теңгені 500 мың мұғалімге бөлгенде, әр мұғалімге жылына шамамен 400 мың теңге айналады.
«Ақша толықтай деуге болмайды, 90 пайызы желініп кетіп жатыр. Себебі тендерді ойнататын білім басқармалары тендерді ойнатады, тасымалдаушылар жеңіл алады, алайда заттар ұстаздарға жетпейді. Соның салдарынан ұстаздар ол керек-жарақты өз ақшасына алады немесе ата-аналардан жинайды. Алайда бұл заттардың бәріне мемлекеттен қыруар ақша бөлінеді. Бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне хаттарды жаздым. Алайда олар тарапынан мәселені шешуге ынта-жігерлері жоқ», — дейді Жүнісов.
Сарапшы бұл жүйелі әрі бұрыннан келе жатқан проблема екенін айтты. Сонымен қатар, шешімін ұсынды: ең дұрысы – әр мұғалімдерге айлығына қосымша ретінде керек-жарағына бөлінетін ақшаны қосып берген дұрыс деп есептейді Жүнісов.








